ПАРИЖ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 112-орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен бетпе-бет келді.
Бублик 6:4, 7:5, 6:3 есебімен үш сетте жеңіске жетті.
Екі сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында ол 11 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды.
Баррер 2 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бубликтің келесі қарсыласы — әлемнің 41-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфф.
Ол бастапқы кездесуінде рейтингіде 144-сатыдағы аргентиналық Роман Андрес Бурручагадан айласын асырды — 6:3, 6:2, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ АҚШ чемпионын ұтқан Путинцева екінші айналымға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).