Александр Бублик Роттердам турнирінде финалға шығу үшін таласады

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың 3-ракеткасы А.Бублик ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 37-орында тұрған испаниялық Хауме Мунармен кездесті.

Тартысты матчта бірінші сетте қазақстандық теннисші басым болды — 6:4. Екіншісінде испаниялық спортшы тай-брейкте қарымта қайырды — 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл жолы Бублик есесін жібермеді — 7:6 (7:3).

Екі сағат 43 минутқа созылған бәсекеде А. Бублик 10 эйспен қатар 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Мунар 8 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.

Осылайша, қазақстандық теннисші спорттық жолында алғаш рет Роттердам жарысының жартылай финалына жолдама алды. Ол финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 84-ракеткасы Александр Шевченко По (Франция) челленджер турнирінің жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда рейтингіде 282-сатыдағы германиялық Генри Сквайрға есе жіберді — 7:6 (7:5), 6:7 (6:8), 6:7 (4:7). Бұл матч 2 сағат 26 минутта аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның қатарынан екінші турнирде финалға шыққанын жазған едік.