АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 6-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссимге тап келді.
Канадалық спортшы 6:1, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Небәрі 54 минутқа созылған бәсекеде Бублик 4 эйспен көзге түсті. Оже-Альяссим 7 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Феликс Оже-Альяссим финалда әлемнің 8-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минормен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Осылайша, Александр Бублик спорттық жолында алғаш рет Роттердам жарысының жартылай финалына дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердам турнирінде финалға шығу үшін таласатынын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина Доха турнирінің чемпионы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).