АСТАНА. KAZINFORM – Александр Бублик жұптық сында италиялық Лоренцо Музеттимен бірге Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.
А.Бублик – Л.Музетти ширек финалда нидерландылықтар Робин Хасе – Ботик Ван де Зандшульппен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте нидерландылық дуэт брейк жасап кетті – 6:4. Екінші сетте олар 5:1 есебімен алға шықты. Ақыры басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-италиялық жұп 2 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнтты мүлт жіберді. Нидерландылықтар 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, халықаралық жарыстарда кортқа шыққан қазақстандық теннисшілерден бүгін А.Бублик қана жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Роттердамда сенсация жасап, әлемнің 7-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина Дохада АҚШ чемпионатының финалисін жеңіп, жартылай финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).