Александр Бублик Шанхай мастерс турнирінің үшінші айналымына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Александр Бублик Шанхай (Қытай) ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Жарыстың 19-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы жарысты бірден екінші айналымнан бастады.
Рейтингіде 75-орындағы чехиялық Томаш Махачпен ойында Бублик бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші партияда осы басымдылық оған жеткілікті болды — 6:4.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Дегенмен Махач таразы басын теңестіріп кетті — 3:3. Ақыры тай-брейкте Бубликтің асығы алшысынан түсті — 7:6 (7:4).

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 18 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Махач 4 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Александр Бублик төртінші айналымға өту үшін әлемнің 18-ракеткасы, америкалық Брэндон Накашимамен таласады.
Өткен жылы А.Бублик Шанхайда екінші айналымнан аса алмаған еді.

Биыл ала-құла ойын өрнегін көрсетіп жүрген қазақстандық спортшы ТОП-10 түгілі, үздік жиырма теннисшінің қатарынан шығып қалған болатын. Егер алдағы ойындарда сәтті ойнаса, рейтингілік ұпай қорын толықтыра алады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның жұптық сында Түркиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.