АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 135-орында тұрған сербиялық Хамад Меджедовичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик айқын басымдылық танытты – 6:1. Екіншісінде тай-брейкте матчты бітіре алды – 7:6 (7:4).
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 18 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Меджедович 14 эйспен көзге түсті.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 30-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен таласады. Ол екінші айналымда 3 сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта рейтингіде 65-орындағы германиялық Доминик Кёпферді жолдан тайдырды – 6:7 (9:11), 7:6 (7:5), 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Штутгарт турнирін екінші айналымнан бастайтынын жазған болатынбыз. Дмитрий Попко Братиславада үш сағатқа созылған матчты жеңіспен түйіндеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).