АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик ширек финалда рейтингіде 93-орындағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикарға тап келді.
Екі партия да тай-брейкпен аяқталды - 7:6 (7:5), 7:6 (7:3).
Сағат жарымға созылған кездесуде А.Бублик 11 эйспен көзге түсті. Франциялық спортшы эйс санын 19-ға жеткізді.
Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, америкалық Тейлор Фриц немесе рейтингіде 78-сатыдағы италиялық Маттия Беллуччидің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Штутгарт турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).