Осының алдында Бельгияда Антверпен ATP 250 жарысының жеңімпазы атанған А.Бубликке бұл жолы жеребе жолдас болмады.
Қазақстандық теннисшіге алғашқы айналымда-ақ әлемнің 8-інші, доданың 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш мәрте финалисі, норвегиялық Каспер Руудпен ойнауына тура келді.
Бірінші партия тартысты өрбіп, онда Рууд 7:6 (7:5) есебімен басым түсті. Екінші сетте ол қарқынын үдетті – 6:2.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 14 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. К.Рууд 6 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Каспер Рууд ширек финалға шығу үшін әлемнің 96-ракеткасы, швейцариялық Доминик Штефан Штрикермен таласады.
Жүлде қоры 2,2 млн еуроға жуықтайтын Базель жарысы 29 қазанда аяқталады.
А.Бублик жұптық сында да өнер көрсетеді. Ол франциялық Адриан Маннариномен бірге доданың 4-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей – жаңазеландиялық Майкл Винуспен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемдік рейтингте Елена Рыбакинаның төртінші, Александр Бубликтің 30-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.