АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 116-орында тұрған франциялық Артур Казомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасап, айқын басымдылық танытты – 6:1. Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5.
Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Бублик 12 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Казо 2 эйспен шектелді.
Александр Бублик финалда әлемнің 109-ракеткасы, аргентиналық Хуан-Мануэль Серундоломен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 167-сатыдағы перулік Игнасио Бусені жолдан тайдырды – 6:3, 6:3.
Қазіргі кезде Бублик ATP Live рейтингісінде 30-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Швейцариядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).