АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Топырақ төсенішінде өтіп жатқан жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик ширек финалда ATP рейтингісінде 74-орында тұрған Франсиско Комесаньямен кездесті. Бірінші партияны қазақстандық теннисші брейкпен аяқтай білді – 6:4. Екінші сетте есеп 3:2 болған сәтте Бублик брейк жасай алды – 4:2. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.
Бір сағат 11 минутқа созылған бәсекеде Бублик 11 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Комесанья 8 эйспен көзге түсті.
Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 116-ракеткасы, франциялық Артур Казо немесе рейтингіде 154-сатыдағы швейцариялық Жером Кимнің жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцариядағы турнирде Бубликтің Шевченконы жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).