АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик Турин (Италия) челленджер турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 73-ракеткасы, қытайлық Бу Юньчаокэтэмен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бублик 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 14 минутқа созылған матчта Бублик 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қытайлық теннисші 6 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Осылайша, Александр Бублик өз спорттық жолында челленджер жарыстарындағы жетінші, топырақ төсенішіндегі бірінші титулын жеңіп алды. Қазақстандық спортшы сондай-ақ ATP 250 турнирінде үш дүркін, ATP 500 додасында бір рет чемпион атанған.
Александр Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 51-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).