НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үлкен дулыға» жарысы - Ұлыбритания ашық чемпионатының алғашқы айналымында қазақстандық теннисші әлемнің 59-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен шеберлік байқасты.
А.Бублик 6:1, 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық спортшы 16 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 64-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен күш сынасады.
Бүгін сондай-ақ Михаил Кукушкин кортқа шығады. Оның қарсыласы - америкалық Дженсон Бруксби.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Уимблдон жасөспірімдер турнирінде ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).