НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен ойнады.
Спортшылардың екеуі де 24 жаста. Бұған дейін өткен жылы Дубайда А.Бублик 6:2, 7:5 есебімен ұтқан болатын.
Бұл жолы Х.Гуркач 6:3, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Бублик 10, қарсыласы 7 эйс жасады. Гуркач 8 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Бубликте ондай мүмкіндік болған жоқ.
Х.Гуркач төртінші айналымда әлемнің екінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев немесе рейтингте 37-сатыдағы хорватиялық Марин Чиличтің біреуімен шеберлік байқасады.
Осылайша Уимблдон додасында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыққанын, Юлия Путинцеваның жұптық сынды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).