НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А. Бублик екінші кездесуін әлемнің 64-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен өткізді.
Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет жолдары тоқайласып, онда сербиялық спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы қазақстандық теннисші 7:6 (9:7), 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 4 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Лайович 2 эйспен шектеліп, бір рет те брейк жасай алмады.
А.Бублик үшінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасады.
Қазақстандық спортшы жуырда Истбурн жарысында Ф.Тиафоны 5:7, 7:6 (7:4), 6:0 есебімен ұтқан болатын.
Өткен жылы Александр Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді. Қазірдің өзінде сол үздік нәтижесін қайталап отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемде эйс жасаудан көш бастап келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).