Александр Бублик Вашингтонда қарсыласына есе жіберді

Фото: Фото: sports.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик Вашингтон ATP 500 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші кезінде әлемдік рейтингте 6-орынға дейін көтерілген, қазір 323-орында тұрған франциялық Гаэль Монфиспен ойнады.

Тәжірибелі Г.Монфис 6:3, 6:4 есебімен жеііске жетті.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 3 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Франциялық спортшы 5 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Жүлде қоры 1,9 млн АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін Г.Монфис әлемнің 37-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспурмен таласады.

А.Бублик Т.Грикспурмен бірге жұптық сында алғашқы айналымда-ақ америкалықтар Маккензи Макдональд – Бен Шелтонға жол берді – 4:6, 6:7 (4:7).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Аустриядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.