АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Рим мастерс турнирінің жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші америкалық Бен Шелтонмен бірге ширек финалда аргентиналықтар Франциско Серундоло – Томас Мартин Этчеверримен шеберлік байқасты.
Бірінші сетте аргентиналық дуэт бет қаратпады – 6:1. Екіншісінде Бублик – Шелтон есе қайырды – 6:4. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:5.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-америкалық жұп 1 брейкпен көзге түсті. Аргентиналықтар брейк санын 3-ке (10 брейк-пойнт) жеткізді.
Осылайша, Рим мастерс турнирінде жекелей сында жарысты ерте аяқтаған А.Бублик Б.Шелтонмен бірге жартылай финалға жолдама алды. Олардың келесі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Хорватиядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).