АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик жұптық сында Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші швейцариялық Стэн Вавринкамен бірге бастапқы кездесуін жарыстың екінші ракеткалары, хорватиялықтар Никола Мектич – Мате Павичпен өткізді.
Қазақстандық-швейцариялық жұп 3:6, 7:6 (7:3), 10:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик пен Вавринка 6 эйс жасады. Қарсыластары 4 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
А.Бублик пен С.Вавринка жартылай финалға шығу үшін бельгиялықтар Сандер Жиль – Йоран Флигенмен таласады.
Бір қызығы, А.Бублик жекелей сында алғашқы айналымда дәл осы С.Вавринкаға жол берген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің түрлі жарыста қатарынан оныншы рет жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.
Фото – Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).