АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бубликтің Париж мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 76-орында тұрған швециялық Микаэль Имермен шеберлік байқасады.
М.Имер іріктеу сайыстарынан кейін негізгі турнирге жолдама алды.
А.Бублик пен М.Имердің қай жеңгені екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен кортқа шығады. Өткен аптада Базель (Швейцария) ATP 500 турнирінің ширек финалында А.Бублик осы теннисшіге жол берген еді. Кеше канадалық спортшы аталмыш доданың чемпионы атанды.
Париж мастерс жарысы 31 қазанда басталып, 6 қарашада аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисші қатысатын WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).