ОРАЛ. ҚазАқпарат – Канаданың Торонто қаласында 7-13 тамыз аралығында ерлер арасында мастерс турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған Польша өкілі Хуберт Хуркачпен шеберлік байқасады.
Торонто мастерс жарысында әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас бастаған маңдайалды теннисшілер қатысып, бақ сынайды.
Доданың жүлде қоры 6,6 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.
А.Бублик осыған дейін Вашингтон ATP 500 турнирінде франциялық Гаэль Монфиске жол берген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Аустралиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Монреаль мастерс турнирінде бақ сынайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).