Александр Бубликтің Дэвис кубогындағы алғашқы қарсыласы белгілі болды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобы аясында 6-7 ақпан күндері өтетін Қазақстан мен Монако арасындағы плей-офф матчының жеребесі тартылды. 

Алғашқы ойын күні, 6 ақпанда жарыс шымылдығын Қазақстан уақыты бойынша сағат 15.00-де әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик пен монаколық Уго Нис ашады. Содан кейін кортқа Александр Шевченко мен Валантен Вашро шығады.

Сенбіге үш кездесу белгіленген. Beeline Arena ұлттық теннис орталығында алдымен Александр Шевченко – Бейбіт Жұқаев және Роман Арнеодо – Уго Нис жұптары ойнайды. 

Бұдан соң қос команданың көшбасшылары Александр Бублик пен Валантен Вашро шеберлік байқасады. Сосын ешқандай өзгеріс болмаса, Александр Шевченко мен Уго Нис доданы түйіндейді. 

Үш ойында жеңген команда жеңімпаз атанып, алдағы жылы болатын Дэвис кубогының іріктеу турына жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Диас Досқараевтың 6-7 ақпанда Астанада Монакомен өтетін Дэвис кубогы матчына дайындық барысы туралы айтқанын жазған едік.