АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобы аясында 6-7 ақпан күндері өтетін Қазақстан мен Монако арасындағы плей-офф матчының жеребесі тартылды.
Алғашқы ойын күні, 6 ақпанда жарыс шымылдығын Қазақстан уақыты бойынша сағат 15.00-де әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик пен монаколық Уго Нис ашады. Содан кейін кортқа Александр Шевченко мен Валантен Вашро шығады.
Сенбіге үш кездесу белгіленген. Beeline Arena ұлттық теннис орталығында алдымен Александр Шевченко – Бейбіт Жұқаев және Роман Арнеодо – Уго Нис жұптары ойнайды.
Бұдан соң қос команданың көшбасшылары Александр Бублик пен Валантен Вашро шеберлік байқасады. Сосын ешқандай өзгеріс болмаса, Александр Шевченко мен Уго Нис доданы түйіндейді.
Үш ойында жеңген команда жеңімпаз атанып, алдағы жылы болатын Дэвис кубогының іріктеу турына жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Диас Досқараевтың 6-7 ақпанда Астанада Монакомен өтетін Дэвис кубогы матчына дайындық барысы туралы айтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).