Франция астанасы Париж қаласында 30 қазан – 5 қараша аралығында өтетін биылғы соңғы мастерс турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 14-орында тұрған америкалық Фрэнсис Тиафомен ойнайды.
Жүлде қоры 5 млн 779 мың еуродан асатын жарыста әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович, сондай-ақ рейтингте екінші сатыдағы испаниялық Карлос Алькарас бастаған теннисшілер бақ сынайды.
Өткен жылғы додада финалда Н.Джоковичті жеңген даниялық Хольгер Руне үздік шыққан болатын. Ал А.Бублик алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының капитаны Ярослава Шведованың өткен жылғы нәтижені жақсарту керектігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).