Александр Дедерер мен Юрий Захаров Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары қызметіне тағайындалды

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат  /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген мәжілісінде Ассамблея төрағасының орынбасарлары тағайындалды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
Мәжіліс барысында отырысқа қатысушылар Александар Дедерер мен Юрий Захаровтың кандидатураларын қолдады. Александр Дедерер 1954 жылы туылған. Жоғары білімді. Қостанай кәсіптік техникалық училишесінің аға шеберінен Қостанай қалалық дизель заводы директорының орынбасарлығына дейін көтерілген. 1992 жылдан бастап, Қазақстанның немістері қоғамдық бірлестігі қауымдастығының төрағасы, 2005 жылдан бастап Қазақстан-Германия кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы қызметінде болған. 2-ші дәрежелі «Достық» орденінің иегері. Қазақстан Президентінің құрмет грамотасымен марапатталған. Орыс және неміс тілдерінде сөйлейді. Қазіргі таңда қазақ тілін де меңгеруде.

 Юрий Захаров - Орыс, казак және славян халықтары ұйымдарының  үйлестіру кеңесінің төрағасы. 1951 жылы Алтай өңірінде туған. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Запастағы офицер» басылымында қызмет еткен.

 Естеріңізге сала кетейік, ережеге сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары лауазымына ұлттық мәдени орталықтардың атынан сайланатын азаматтардың қызмет мерзімі - бір жыл.