Александр Касачев «Жетісу бөрісі» атанды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат  -  Бүгін Талдықорғанда «Жетісу бөрісі» турнирі өтті. Дүбірлі додада Александр Касачев бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға су жаңа «Лада Гранта» автокөлігі сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайысқа 38 саңлақ қатысты. Олар осыған дейін Алматы облысының аудан-қалаларындағы іріктеу турнирлерінде топ жарған және екінші орын иеленген балуандар. Ақтық сында жолындағыларды жапыра жеңген, Талдықорған атынан кілемге шығып отырған балуандар - Ұлан Рысқұл пен Александр Касачев кездесті. Ұлан - 1986 жылы туған, бойы 186 см, салмағы 135 келі. Александр - 1987 жылы туған, бойы 175 см, салмағы 105 келі. Кездесу тартысты болғанына «Жастар» сарайына жиналғандар куә. Әп дегеннен, есепті Александр ашты. Бүк ұпайын қанжығасына байлап, жартылай жеңіске де жетті. Ұлан да қарап қалмады. 2 рет бүк ұпайын иеленді. Дегенмен, әдіс жасап, Ұланды жамбасқа атып жіберген Александр Касачев таза жеңді. Осылайша, Александр Касачев - «Жетісу бөрісі» атанды. Ұлан Рысқұл екінші орынды иеленді.

 

Естеріңізге сала кетейік, 31 наурыз күні Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін өткен «Талдықорған бөрісі» турнирінде де осы екі балуан көш бастаған еді. Ал «Жетісу бөрісі» турнирінде үшінші орынды Қарасай ауданының балуаны Асқар Түреқұлов иеленді. 1987 жылы туған спортшының бойы 175 см, салмағы 108 келі. 

Үшінші орынға 300 мың теңге, 2 орынға 500 мың теңге, ал бас жүлдеге «Лада Гранта» автокөлігі тапсырылды. Енді Ұлан Рысқұл мен бас жүлдені жеңген  Александр Касачев  «Қазақстан барысы» турнирінде Алматы облысының намысын қорғайды.