Александр Недовесов әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді

Фото: Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

Кеше Португалиядағы Эшторил ATP 250 турнирінде жеңімпаз атанған қазақстандық теннисші 44-тен 39-орынға көтерілді.

Бұған дейін А.Недовесовтің үздік көрсеткіші 43-саты болған еді. Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев 68-ден 78-ге төмендеді.

Жекелей сында Александр Бублик 18-орнын сақтап қалса, Александр Шевченко 56-дан 55-ке жоғарылады. Өкінішке қарай, Монте-Карлода өтіп жатқан мастерс турнирі қос теннисші үшін сәтті болған жоқ. А.Шевченко іріктеу сайыстарынан аса алмаса, А.Бублик алғашқы айналымда хорватиялық Борна Чоричтен ойсырай ұтылды – 1:6, 1:6.

Михаил Кукушкин дүниежүзілік рейтингіде 139-дан 143-ке, Денис Евсеев 181-ден 186-ға сырғыса, Мехико челленджер жарысының ширек финалына дейін жеткен Бейбіт Жұқаев ТОП-200-ге (+9, 192) қайта кірді. Бейбіт өзінің үздік көрсеткішін (186) жаңартуға жақын тұр.

Сондай-ақ Дмитрий Попко 240-тан 236-ға, Италиядағы Барлетта челленджер додасының ширек финалында сүрінген Тимофей Скатов 277-ден 267-ге жоғарылады.

Бүгін М.Кукушкин мен Д.Евсеев Мадрид челленджер турнирінде алғашқы кездесулерін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Португалияда ATP 250 турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Юлия Путинцева әлемдегі үздік елу теннисшінің қатарына енді.