Александр Недовесов әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 17-ден 19-ға, ал Александр Шевченко 60-тан 61-ге, Михаил Кукушкин 134-тен 135-ке сырғыды.
Есесіне Денис Евсеев 177-ден 167-ге, Бейбіт Жұқаев 174-тен 171-ге жоғарылады.
ТОП-3-те өзгеріс жоқ: сербиялық Новак Джокович көш бастаса, италиялық Янник Синнер екінші, испаниялық Карлос Алькарас үшінші сатыда.
Жұптық сында Александр Недовесов 42-ден 38-ге көтерілді. Бұл – оның әлемдік рейтингідегі ең үздік көрсеткіші. Андрей Голубев 93-тен 119-ға құлдыраса, өткен аптада Рим мастерс турнирінің жартылай финалына дейін жеткен А.Бублик 285-тен бірден 148-ге көтерілді. А.Бубликтің жұптық сындағы үздік көрсеткіші – 47-орын.
Жұптық сында дүниежүзілік рейтингіде испаниялық Марсель Гранольерс, аргентиналық Орасио Себальос және аустралиялық Мэттью Эбден алда келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сатысында 4 қазақстандық теннисші ойнайтынын жазған болатынбыз.
Юлия Путинцева әлемдік рейтингіде 37-орынға көтерілді.
Теннистен әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталды.