Александр Недовесов алғаш рет ATP 250 турнирінің чемпионы атанды
19:48, 23 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Бастад (Швеция) ATP 250 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге финалда португалиялық Франсишку Кабраль – бразилиялық Рафаэль Матоспен бас жүлде үшін сынға түсті.
А.Недовесов пен Г.Эскобар екі сетте де 6:2, 6:2 есебімен басымдылық танытты. Олар бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 1 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, А.Недовесов өз спорттық жолында алғаш рет ATP 250 жарысының жеңімпазы болды. Бұған дейін ол төрт мәрте финалға шығып, бәрінде жеңіліс тапқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада Президент кубогі үшін теннистен халықаралық турнир басталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Астанада Арысланбек Айтқұлов әлемнің экс 33-ракеткасын ұтты.