Александр Недовесов Аустриядағы турнирдің ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Александр Недовесов Китцбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге алғашқы айналымда сербиялықтар Иван Сабанов — Матей Сабановпен сынға түсті.
А.Недовесов — Г.Эскобар қарсыластарын 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-эквадорлық жұп 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Сербиялықтар 2 эйс, 3 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Недовесов — Гонсало Эскобар жартылай финалға өту үшін доданың 5-ракеткалары, германиялықтар Хендрик Йебенс — Константин Франценмен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Румыниядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.