АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Недовесов Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің финалында жеңіліс тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге соңғы бәсекеде жарыстың 1-ракеткалары, аустриялықтар Александр Эрлер – Лукас Мидлермен кездесті.
Аустриялық дуэт 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Эскобар 5 эйс жасап, өкінішке қарай, 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Қарсыластарына 3 эйс, 2 брейк (12 брейк-пойнт) жеткілікті болды.
Қазіргі кезде А.Недовесов әлемдік рейтингіде 45-тен бір саты жоғарылап тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның Монреаль мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бубликтің Торонто мастерс турниріндегі қарсыласы белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).