АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Недовесов Базель (Швейцария) ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші германиялық Кевин Кравицпен бірге бастапқы кездесуін хорватиялық Иван Додиг – чехиялық Адам Павлашекпен өткізді.
Бірінші партияда хорватиялық-чехиялық жұп бет қаратпады – 6:1. Олар екінші партияда тай-брейкте қос бірдей матчболын пайдалана алмады – 6:7 (8:10). Додиг – Павлашек супер тай-брейкте тағы екі матчболда мүлт кетті. Есесіне Недовесов пен Кравиц үшінші матчболын құр жіберген жоқ – 13:11.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында хорватиялық-чехиялық дуэт 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Александр Недовесов – Кевин Кравиц жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф – хорватиялық Никола Мектичпен таласады.
Тағы бір қазақстандық Александр Бублик осы додада жекелей және жұптық сында алғашқы айналымнан аса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Оңтүстік Кореямен ойнайтын Қазақстан әйелдер құрамасының анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).