Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов София (Болгария) ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жартылай финалда аустралиялықтар Джон Патрик Смит – Макс Перселмен сынға түсті.
Аустралиялық дуэт ширек финалда тағы бір қазақстандық Андрей Голубев – украиналық Денис Молчановты сүріндірген еді.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық-эквадорлық жұп 6:3 есебімен басым түсті.
Екінші сетте де олар 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Александр Недовесов – Гонсало Эскобар 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.
А.Недовесов – Г.Эскобар финалда жарыстың 3-ракеталары, ұлыбританиялық Джулиан Кэш – хорватиялық Никола Мектичпен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының Аустралияға жол бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).