Александр Недовесов Болгариядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов София (Болгария) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге алғашқы айналымда жарыстың 4-ракеткалары, аустриялықтар Александр Эрлер – Лукас Мидлермен кортқа шықты.
Қазақстандық-эквадорлық жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында олар 3 эйс, 3 брейкпен көзге түсті.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар жартылай финалға шығу үшін болгариялықтар Янаки Милев – Петр Нестеровпен шеберлік таластырады.
Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев украиналық Денис Молчановпен бірге ширек финалда аустралиялықтар Джон Патрик Смит – Макс Перселден өтуге тырысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын атақты теннисшінің Қазақстан құрамасына ақ жол тілегенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Хельсинки турнирінің екінші айналымына өтті.