Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов София (Болгария) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда болгариялықтар Янаки Милев – Петр Нестеровпен кездесті.
Бірінші партияда болгариялық жұп 6:4 есебімен басым түсті.
Есесіне екінші сетте қазақстандық-эквадорлық дуэт қарымта қайырды – 6:3. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:5.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында екі жұп та 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық Андрей Голубев – украиналық Денис Молчанов және аустралиялықтар Джон Патрик Смит – Макс Перселл жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Аустралиямен матчта Юлия Путинцеваның таразы басын теңестіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).