АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Недовесов Галле (Германия) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші испаниялық Педро Мартинес-Портеромен бірге іріктеу сайыстарының жартылай финалында германиялықтар Оскар Отте - Андреас Мьеспен сынға түсті.
Бірінші партияда германиялық жұп 6:3 есебімен басымдық танытты. Екіншісінде қазақстандық-испаниялық дуэт қарымта қайырды - 7:6 (7:5). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 10:8. 1 сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов - Мартинес-Портеро 5 эйспен көзге түсті. Германиялықтар 6 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Александр Недовесов - Педро Мартинес-Портеро іріктеу сайыстарының финалында үндістандық Юки Бхамбри - франциялық Альбано Оливеттимен шеберлік таластырады. Бұларды жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Тунистегі жарыста жеңімпаз болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).