АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Недовесов Умаг (Хорватия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда словениялық Блаж Рола – хорватиялық Нино Сердарушичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда словениялық-хорватиялық жұп 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде А.Недовесов пен Г.Эскобар есе қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте жеңіс словениялық-хорватиялық дуэттің еншісінде кетті – 10:8.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 270-орында тұрған 22 жастағы Бейбіт Жұқаев Салинастағы (Эквадор) челленджер додасында әлемнің 222-ракеткасы, франциялық Джованни Мпеши-Перрикармен үш сағаттан астам уақытқа созылған ширек финалдық кездесуін өткізді. Мұнда франциялық теннисші 7:6 (11:9), 6:7 (6:8), 6:4 есебімен ұтып кетті.
Осылайша, Бейбіт Жұқаев та жартылай финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Гамбург турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).