АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Александр Недовесов Жирона (Испания) челленджер турнирінің чемпионы атанды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге финалда франциялықтар Хонатан Эйссерик - Альбано Оливеттимен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қазақстандық-эквадорлық жұп қарсыластарын 7:6 (7:1), 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов - Эскобар 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Франциялық дуэт 3 эйспен көзге түсті.
Осылайша, Александр Недовесов өзінің спорттық жолында челленджер санатындағы додаларда 28-інші титулына қол жеткізсе, соның 25-і - жұптық сында.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Испаниядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).