АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Жирона (Испания) челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар ширек финалда германиялықтар Якоб Шнайттер – Марк Валлнермен бетпе-бет келді.
Қазақстандық-эквадорлық жұп кездесуді бірден қарқынды бастады – 6:1. Олар екінші сетте де сол басымдылығынан танған жоқ – 6:2.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов – Эскобар 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар финалға шығу үшін доданың 3-ракеткалары, нидерландылықтар Сандер Арендс – Матве Мидделкоп немесе пәкстандық Айсам-Үль-Хак Куреши – испаниялық Давид Вега Эрнандес жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Испаниядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс екі жылдық үзілістен кейін кортқа қайта оралмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).