Александр Недовесов Истбурнда жартылай финалға шыға алмады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы –бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Недовесов Ұлыбританиядағы Истбурн ATP 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда жарыстың 4-ракеткалары, хорватиялықтар Никола Мектич – Мате Павичпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда брейкпен алға шыққан хорватиялық жұп сол басымдылығын жоғалтқан жоқ – 6:4.

Екінші сетте де осы жағдай қайталанды – 6:4.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында А.Недовесов пен Г.Эскобар 2 эйспен ғана шектелді. Қарсыластары 3 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

А.Недовесов енді Уимблдон додасында бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Истбурндағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Уимблдонда чемпиондық атағын үшінші ракетка болып қорғайды.