АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы – бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Недовесов Ұлыбританиядағы Истбурн ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге бастапқы кездесуін швециялық Андре Горанссон – жапониялық Бен Маклахланмен өткізді.
Бірінші партияда швециялық-жапониялық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Олардың екінші сетте де матчты жеңіспен түйіндейтін мүмкіндіктері болғанымен, оны пайдалана алмады.
Есесіне А.Недовесов пен Г.Эскобар таразы басын аудара білді – 7:6 (12:10). Сосын супер тай-брейкте дес бермеді – 10:5.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-эквадорлық дуэт 8 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін өз есептеріне жазды. А.Горанссон – Б.Маклахлан 7 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
А.Недовесов пен Г.Эскобар жартылай финалға шығу үшін жарыстың 4-ракеткалары, хорватиялықтар Никола Мектич – Мате Павичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Истбурн турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Александр Бублик Мальорка турнирінде ойнаудан бас тартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).