АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Недовесов Турин (Италия) турнирінің финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген еді.
А.Недовесов – Г.Эскобар жартылай финалда доданың 1-ракеткалары, германиялық Андреас Мьес – ұлыбританиялық Нил Скупскимен кездесті.
Бірінші партияда фавориттер басымдылық танытты – 6:2. Екіншісінде олар 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық-эквадорлық дуэт таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Дегенмен супер тай-брейк А.Мьес – Н.Скупскидің пайдасына шешілді – 10:5.
Бір сағат 56 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыластары 4 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Страсбургте қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Италиядағы турнирде топ жарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).