АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші америкалық Роберт Галловеймен бірге ширек финалда жарыстың 4-ракеткалары, хорватиялық Иван Додиг - чехиялық Адам Павлашектің меселін қайырды.
Бірінші партияда хорватиялық-чехиялық дуэт басым болды - 6:3. Дегенмен бұдан кейін Недовесов - Галловей камбэк жасай білді - 6:3, 10:5.
Бір сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Додиг - Павлашек 2 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Недовесов - Роберт Галловейдің жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Қазақстандықтар Александр Шевченко - Тимофей Скатов Алматы ATP 250 додасының ширек финалынан аса алмады. Олар турнирдің 4-ракеткалары, аргентиналық Гвидо Андреоцци - үндістандық Шрирамбалай Нараянасвамиге жол берді - 3:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет ATP 250 турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).