АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Хертогенбос (Нидерланд) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге осы доданың екінші ракеткалары, сальвадорлық Марсело Аревало - нидерландылық Жан-Жюльен Ройермен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-эквадорлық жұп күтпеген жерден қарсыластарын 6:4, 3:6, 10:6 есебімен тізе бүктірді.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта А.Недовесов пен Г.Эскобар 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін пайдалана білді.
Марсело мен Жюльен - 2022 жылғы Франция ашық чемпионатының жеңімпаздары. Оған қоса нидерландылық спортшы жұптық сында 2017 жылғы АҚШ ашық чемпионатында және 2015 жылғы Уимблдонда чемпион атанған еді.
Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар жартылай финалға шығу үшін жергілікті дуэт Робин Хасе - Таллон Грикспурмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Нидерландтағы жарыстың екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннистен Уимблдон турнирінің жүлде қоры рекордтық көлемге жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).