АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Недовесов Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар алғашқы айналымнан оңай өтті.
Қазақстандық-эквадорлық дуэт бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде аргентиналық Педро Качин – испаниялық Педро Мартинезді 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Олар эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана алды. Аргентиналық-испаниялық жұп 1 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Өткен аптада А.Недовесов – Г.Эскобар Жирона (Испания) челленджер додасында үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мехикодағы жарысты 19 эйспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).