Александр Недовесов Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото: Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Недовесов Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда Румыния өкілі Влад Виктор Корня - чехиялық Петр Ноузамен кездесті.

Қос партия да тай-брейкпен тәмамдалып, қазақстандық-эквадорлық жұптың пайдасына шешілді - 7:6 (8:6), 7;6 (7:0).

Бір сағат 53 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов - Эскобар 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 6 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Недовесов - Гонсало Эскобар финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле - Йоран Флигельмен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италия турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.