ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Александр Недовесов Франция ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге бастапқы кездесуін испаниялықтар Пабло Карреньо-Буста – Серхио Мартос Горнеспен өткізді.
Недовесов пен Эскобар тартысты матчта 7:6 (7:3), 6:4 есебімен басым түсті. Екі сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Испаниялық дуэт 3 брейктен (13 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Недовесов – Гонсало Эскобар 1/8 финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, америкалық Раджив Рам – ұлыбританиялық Джо Солсберимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Италиядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).