Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Шанхай мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
А.Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге екінші айналымда жарыстың 2-ракеткалары, нидерландтық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Колхоф – Скупски сәттірек ойнады – 7:6 (7:2). Олар екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Эскобар 5 эйс қана жасай алды. Қарсылас жұп 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Осылайша, Шанхай мастерс додасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Михаил Кукушкин мен Бейбіт Жұқаев жекелей сында кеше қарсыластарына жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина бастаған ел теннисшілерінің әлемдік рейтингтегі орны белгілі болғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисгі Оңтүстік Кореядағы жарыстың жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).