НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың екінші ракеткалары, аустралиялық Джон Пирс – словакиялық Филипп Полашекпен өткізді.
Қазақстандық-пәкістандық жұп 7:6 (7:2), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 20 минутқа созылған матч барысында 9 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Д.Пирс 2017 жылы жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанса, Ф.Полашек өткен жылы дәл осы «Үлкен дулыға» жарысында озып шыққан еді.
А.Недовесов пен А.Куреши жүлде қоры 770 мың еуроға жуықтайтын доданың жартылай финалына шығу үшін канадалық Денис Шаповалов – үндістандық Рохан Бопаннамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің Еуропадағы турнирлерді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).