Александр Недовесов Швециядағы турнирдің финалына өтті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Бастад (Швеция) ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жартылай финалда жарыстың 4-ракеткалары, италиялықтар Симоне Болелли – Андреа Вавассоримен шеберлік байқасты.

Қазақстандық-эквадорлық дуэт 6:3, 6:4 есебімен екі сетте жеңіске жетті.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Эскобар 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар финалда португалиялық Франсишку Кабраль – бразилиялық Рафаэль Матоспен бас жүлдені сарапқа салады. Олар жартылай финалда аустриялықтар Александр Эрлер – Лукас Мидлерді сүріндірді – 6:2, 6:3.

Бұл А. Недовесовтің жұптық сында АТР 250 додаларындағы бесінші финалы болмақ. Қазақстандық теннисші 2022 жылы Дэлрей Бич, Мельбурн және биыл Хертогенбос, Баня-Лука турнирлерінің соңғы бәсекесінде өнер көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Швециядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Жібек Құламбаева Чехиядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды.