Александр Недовесов Швециядағы жарыстың жартылай финалына шықты
18:27, 20 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Бастад (Швеция) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда сербиялықтар Никола Качич - Душан Лайовичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-эквадорлық жұп қос брейкке қол жеткізді - 6:1.
Тартыстылау өрбіген екінші сетті жеңіспен тәмамдады - 7:5.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Г. Эскобар мен А. Недовесов 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Александр Недовесов пен Гонсало Эскобардың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның эйстен әлемде көш бастағанын жазған болатынбыз.