АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің финалына шыға алмай қалды.
Жарыстың 1-ракеткалары Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобарды жартылай финалда Мануэль Гинар - Грегуар Жак дуэті тоқтатты.
Франциялық теннисшілер 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 20 минутқа созылған бәсекеде Гинар мен Жак 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың екеуін құр жіберген жоқ. Ал, Недовесов пен Гонсало 7 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Бостад додасында жекелей сында әлемнің 27-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспурды жеңіп, ширек финалға өткен қазақстандық, 23 жастағы Тимофей Скатов бүгін рейтингіде 51-сатыдағы португалиялық Нуну Боржешпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Будапешт турнирінде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ олимпиаданың теннис жарысында қазақстандық төрешілер қазылық етеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).